Жаңалықтар
Өз саласындағы білікті мамандар 2050 жылғы еліміздің даму көрсеткіші жайлы болжамдар жасап, болашаққа көз жүгіртті.
25 қазан күні Алматы қаласында «#Talks2050: еліміздің болашағы туралы айтамыз» – бірегей форматтағы шара болып өтті. Оның мақсаты – Қазақстанның болашағы, оның даму көкжиегі жайлы талқылау.
Форумды ҚР білім және ғылым министрлігі мен ҚР мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Қазақстан 2050» Жалпыұлттық қозғалысы және «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ ұйымдастырды.
Кездесудің көздегені – әр саладағы түрлі өзекті мәселелерді демократиялық сипатта талқылап, қатысушылардың өзара еркін пікір алмасуына жағдай туғызу.
Форум қатысушыларды қарсы алып, бағдарлама таратудан басталды.
Негізгі бөлімі басталған уақытқа дейін келген қонақтар "инстаграмға" фото суретке түсіп, шараның ерекше форматын басынан-ақ сезініп үлгерді.
Форум бағдарламасы екі бөлімнен тұрды. Форумның бірінші бөлімі TED конференциясы форматына негізделген – өзекті тақырыптар төңірегінде ой өрбітуге, ғылыми-техникалық жетістіктерді көрсетуге, өмірлік тәжірибесі мол әрі ерекше адамдардың өзін танытуына мүмкіндік беретін шоу түрінде болды. Аталмыш бөлімге атақты актер Әнуар Нүрпейісов модераторлық етіп, жиналған қауымның назарын шеберлікпен аудара білді.
«#Talks2050: еліміздің болашағы туралы айтамыз» форумының бұл бөлімінде 9 спикер сөйледі.
"Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ президенті Ғани Нығметов "Өзгеріс агенттері" жайында ой толғап, форумды бастады.
Еліміздегі инновациялар жайына үңілген "Бәйтерек" Ұлттық басқару холдингі" АҚ Басқармасының мүшесі, басқарушы директоры Қаныш Төлеушин болды.
Форсайт зерттеулер жөніндегі маман Людмила Бурлаченко "Белгісіз белгісіздікке" көз жүгіртті.
Энергетика саласы бойынша қазақстандық сарапшы Геннадий Дорошин еліміздегі жасыл энергетикаға байланысты үш сауалға үш жауап іздеді.
"Қазақстан 2050" Жалпыұлттық қозғалысы Кеңесінің төрағасы Данат Жұмин жиналған жұртты елең еткізген "Бастықтарсыз қоғам" жайлы айтып, бір серпілтіп, бірінші сессияны аяқтады.
Кофе-брейктен сергіп келген қауыммен екінші сессияны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі басшысының кеңесшісі Олжас Худайбергенов ашты. Ол "Әлемдік экономика келешегі мен Қазақстан" жайлы өз болжамдарымен бөлісті.
«Радиоточка» медиапорталының бас редакторы Ержан Сүлейменов "Әлеуметтік желілер дәуіріндегі төртінші билік: қиял немесе шындық" тақырыбында сөйледі.
«VISOR Holding» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Айдан Кәрібжанов "Қазақстандағы қаржы жүйесінің болашағы жайлы сөз қозғады.
Форумның алдағы 10, 20, 30 жылға көз жүгіртуге алаң болған бірінші бөлімін әлеуметтану бойынша философия докторы (PhD) Әділ Родионов аяқтады. Ол "Жұлдыздарға бастар қиын жол: қазақстандық ЖОО қашан үздіктер қатарына енеді?" деген сұраққа жауап іздеп көрді.
Форумның екінші бөлімі – топпен жұмыс – World Café форматында ұйымдастырылған. Бұл әдіс кешенді мәселелерді шешу, бірнеше сұрақтарға жауап алу, айрықша шешімдер қабылдау, түрлі көзқарастарды бір арнаға тоғыстыру, тәжірибе алмасу, тағы да басқа түйткілдердің басын ашу үшін қолданылды. Қатысушылар өздерін қызықтыратын бағыттарды таңдап, сәйкес топтарға бірікті.
Қалыптасқан топтар «Болашақ» стипендиясының жаңа көкжиектері», «Белсенді азамат», «Бәрімізге ортақ құндылықтар» кафелерінде кездесті.
Осылайша, конференцияға қатысушылар үш сағаттан аз уақыт ішінде ұлттық қауіпсіздік, демография, білім, экология, инновациялық технологиялар, ғылым, мәдениет, тағы да басқа салаларда жүрген мамандардың 2050 жылғы еліміздің даму көрсеткіші жайлы болжамдарын тыңдап, болашаққа көз жүгірте алды. Форумға жалпы саны 180 адам қатысты.
28.10.2014 0 пікір