Қазақстандық таэквандошы, Пекинде өткен Олимпиада ойындарының жүлдегері Арман Чилманов "Зияткер ұрпақ" жобасында
2014 жылдың 12 желтоқсанында «Зияткер ұрпақ» жобасы аясында Пекин олимпиадасының қола жүлдегері, Қазақстан Республикасының таэквондо спортының еңбек сіңірген спорт шебері Арман Чилманов Атырау облысы Сарықамыс ауылындағы №33 мектептің жоғары сынып оқушыларымен кездесті.
Арман Чилманов – Қазақстандық таэквандошы, Атырау облысының таэквандо федерациясының спортшысы (2002). Таэквандодан ҚР-ның бірнеше дүркін чемпионы (2000—2005), Ирандағы (Тегеран, 2004), Германиядағы (Бонн, 2005) халықаралық турнирлердің, ҚР халықтары спартакиадасының (Шымкент, 2001), Каспий маңындағы мемлекеттер универсиадасының (Атырау, 2003) жеңімпазы. 2007 және 2009 жылдардағы әлем чемпионатының қола жүлдегері. Азия чемпионы (2006), Азия чемпионатының екі дүркін күміс (2010, 2012) және екі дүркін қола (2002, 2008) жүлдегері. Азия ойындарының екі дүркін қола жүлдегері (2002, 2006). Пекиндегі жазғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері (2008), Қазақстан Республикасының таэквондо спортының еңбек сіңірген спорт шебері, таэквондодан Қазақстан ұлттық құрамасының бапкері.
Кездесу «Қазақстан 2050» Жалпыұлттық қозғалысының Атырау облысындағы өкілі Нұржан Өтепбаевтың алғы сөзімен басталды. Нұржан Сапаргелдіұлы мектеп оқушылары мен ұжымға Қозғалыс туралы, оның жұмыс барысы мен «Зияткер ұрпақ» жобасының мақсаты мен міндеттері туралы түсінік берді. Кездесу қонағымен таныстырып, сөз тізгінін берді.
Арман Чилманов жеткіншектермен спорт, жетістікке жету, жауапкершілік пен мақтаныш сезімдері, өзінің өмірлік ұстанымдары жайында ашық әңгіме жүргізіп, өскелең ұрпақты елдің тағдыры мен болашағына өз үлесін қосуға шақырады. Спорт адам бойында жақсы қасиеттерді шыңдайтынын және тынымсыз еңбек түбінде өз нәтижесін берері сөзсіз екенін баса айтты. Спортшының әңгімесін оқушылар бар ықылыстарымен тыңдады.
Өз ойларын ортаға салған сәтте біраз оқушылар да таэквандомен айналысатыны белгілі болды. Олар таэквандо шеберіне өз үйренгендерін көрсетіп, бұл спорт түрінің келешегі бар екенін дәлелдеді.
Жеткіншектерінің ынтасы мен өнеріне тәнті болған қонақ өзінің болашақ жоспарымен бөлісті. Алдағы уақытта, өзінің туған қаласында спорт мектебін ашып, жасөспірімдерді спортқа баулуды көздеп отырғанын айтты.
Микрофон оқушыларға ұсынылған кезде қойылған сұрақтар өте көп әрі сан алуан болды. Оқушылар айналысатын спорт түріне қатысты, спортшының марапаттары туралы сұрақтар қойды. Балалық шағын да назардан тыс қалдырған жоқ. «Чемпион болу үшін қандай болу керек?» деген сұраққа Арман «еліңді сүю және нағыз патриот болу қажет» десе, «Басқа да спорт түрімен айналысыз ба, олар бойынша жеңістеріңіз болды ма?» деген сұраққа «кикбоксингпен және бокспен айналыстым, жеңістерім де бар, Атырау облысы бойынша екі спорт түрінен чемпионмын» деп жауап берді. Оқушылардың бірде-бір сұрағы жауапсыз қалған жоқ.
Соңында оқушылар атақты тұлғадан қолтаңба алып, суретке түсті. «Қазақстан 2050» Жалпыұлттық қозғалысының мүшесі болуға ниет білдірген Арман Чилмановқа Нұржан Сапаргелдіұлы ризашылығын білдіріп, Қозғалыстың төсбелгісін салтанатты түрде табыс етті.