Жаңалықтар
Қозғалыс белсенділерінің брифингі
5 мамырда, Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстан 2050» Жалпыұлттық қозғалысы белсенділерінің қатысуымен брифинг өтті. Олар ұйымның жобалары туралы әңгімелеп, жоспарларымен бөлісті.
Жылдың басында Жалпыұлттық қозғалыс Жеңістің 70 жылдығына орайластырып 5-8 және 9-11 сыныптар арасында республикалық эссе байқауын жариялады. Байқау «Жеңіс» (www.zhenys.kz) республикалық жобасының аясында өтті. Бұл шара аға буын қазақстандықтардың фашизммен күрестегі ерлігін жадымызда сақтап, келер ұрпаққа үлгі етуді көздеді. «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының қолдауымен өткен байқауда еліміздің әр түкпірінен және жақын шетелдерден 1 500-ға жуық жұмыс кеп түсті. Қазіргі таңда әзірге 16 аймақтың ішінен 10 аймақтың үздік 3 шығармалары анықталды. Олардың авторлары қаржылай сыйақылармен және грамотамен марапатталады. 9 мамырға таяу қалған 6 аймақтың үздіктерін анықтап, байқауды аяқтау көзделіп отыр. Ал іріктелген жұмыстар арасынан 3 ең үздік жұмыс 15 мамырда анықталады. Олар ҚР білім және ғылым министрінің арнайы грамоталарына ие болады.
Наурыздың басында «Қазпоштамен» бірлесе «Нұрлы Жол» аясында тұрғызылатын нысандарда жұмыс істейтін жастар үшін жалпыреспубликалық жоба қолға алынған еді. Қазпоштаның ауылдық бөлімшелерінде осы бағдарлама бойынша жұмысқа тұрғысы келетін жастардан өтініштер қабылдау ұйымдастырылды. Барлығы 3590 өтініш кеп түсті. Қазіргі таңда жастармен телефонды байланыс орнатылып, ҚР білім және ғылым министрлігімен бірлесе «Жасыл Ел» желісі бойынша жұмысқа тұрғызудың нақтылы жолдары түзіліп жатыр. Оған қоса, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жұмысқа орналастырудың мүмкіндіктері қарастырылып жатыр.
«Қазақстан 2050» Жалпыұлттық қозғалысы аясында «KazAlliance» шетелдегі қазақстандық студенттердің бүкіләлемдік бірлестігі құрылды. Оның мақсаты, шетелде тұратын қазақстандықтардың әлеуетін ел игілігі үшін жұмылдыру болатын. Қазірде біздің қозғалысқа Ұлыбритания, АҚШ, Германия, Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей және т.б. мемлекеттердегі қазақстандықтардың қоғамдастықтары қосылды. Алғашқы қанатқақты жоба ретінде қозғалыс «Қазақстан - АҚШ» инвестициялық бизнес-конференциясын өткізді. Оның барысында ҚР инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев онлайн режимде АҚШ студенттері мен оқытушыларын Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері жайында хабардар етіп, сауалдарына жауап берді.
11 ақпанда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанда жасалған» республикалық акциясына бастамашы болды. «Қазақстанда жасалған» акциясын қосайық. Еліміздің сауда желілерінің барлығында қазақстандық тауарлары бар секциялар болсын. Облыс әкімдіктері мұны қадағаласын. Мұны жақын арада жасауымыз керек. Барлық қазақстандықтарға осындай қиын жағдайда өзіміздің отандық, қазақстандық тауарды сатып алсын деген үндеу тастайық. Бұл Қазақстан экономикасына тигізген көмегіміз болсын», - деген еді Президент.
«Қазақстан 2050» Жалпыұлттық қозғалысы ел Президентінің бастамасын қолдаған алғашқы қоғамдық ұйым. Белсенділеріміз супермаркеттер мен жергілікті билікпен байланысқа түсіп, «Қазақстанда жасалған» акциясын ел бойынша бастап кетті. Халық үшін түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, таныстырылымдар жасалды. Оның барысында бұқараға қазақстандықтар неге қазақстандық өнімді сатып алуы керектігі айтылды. Оған қоса, қозғалыс акция барысына тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырды. Сәуірдің 13-інен 30-ына дейін барлық облыс орталықтарында (Қарағанды мен Шымкенттен басқасы), сондай-ақ, Астана мен Алматы қалаларында акция бойынша екінші мониторинг жүргізілді. Жалпы алғанда, белсенділер 222 супермаркетті аралады ( бөлшек сауда нысандарының шамамен 60%). Мониторинг нәтижесінде, белсенділер барған 86% супермаркет халықты өздерінде сатылып жатқан тауардың арасындағы Қазақстанда шыққандары туралы белгілі бір деңгейде ақпарат беріп отыр. Акцияның өтіп жатқанына 3 айдан асса да супермаркеттер әлі де болсын халықты отандық тауарларға назарын аудару ісіне немқұрайлы қарауы басымдау. Супермаркеттердің 30% тауарөндірушілер туралы деректерді дұрыс орналастырмағаны анықталды. Супермаркеттердің (48,6%) жартысына жуығында қатардағы қызметкер «Қазақстанда жасалған» жарнамалық өнімінің маңызын түсіндіре алмаған. Мұндай келеңсіздіктер «Қазақстанда жасалған» акциясы туралы кері әсер беріп, отандық өнімді алға жылжытпайтыны түсінікті.
Алдағы уақытта, «Қазақстан 2050» Жалпыұлттық қозғалысы былтыр басталған «Зияткер Ұрпақ» жобасын жалғастыруды көздеп отыр (ауыл мектептері оқушылары үшін дәрістер. Дәріс берушілер ретінде қозғалыстың танымал белсенділері мен атақты адамдар барды. Олардың дәрістерін 20 мыңға жуық оқушы тыңдады). Бұған қоса, «Серпін» жобасы қолға алынбақ (жастарды жұмыскерлерге тапшылықты сезініп отырған аймақтарға жіберіп, техникалық мамандықтарға оқыту. Осы іске 2014 жылы 2050 адам тартылса, осы жылы 5 000 жуық адамды тарту көзделіп отыр). Бұдан бөлек, мемлекеттік қызмет көрсетудің қолжетімділігін арттырып, сапасын жақсартып, жемқорлыққа жағдай туғызатын әкімшілік кедергілерді жоюды көздейтін I-Azamat жобасы іске асырылуға дайын.
08.05.2015 0 пікір