БАҚ біз туралы
Балаларымыз – болашағымыз, қарттарымыз – қазынамыз
Кеше Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ғимаратында «Азаматтық қоғам балалар құқығын қорғайды» деген тақырыпта «Қазақстан -2050» Жалпыұлттық қозғалысы ұйымдастырған қоғамдық тыңдаулар өтті.
Бұл тыңдаулардың мақсаты елімізде сәбилерінен бас тартып, балалар үйіне тапсырып жатқан «көкек аналар» мен дағдарысқа түскен отбасылар проблемаларын қалай шешуді талқылау болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауы жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде жыл сайын елімізде 1,5 мыңдай сәбидің жетімдікке душар болатынын айтып, қазір олардың саны 34 мыңдай болып отырғанын жеткізген-тін. Бұл балалардың көбінің ата-аналары тірі, деген еді Президент. Сонымен қатар, Елбасы табысты балалары бола тұра, 7 мыңнан астам егде жастағы адамның Қарттар үйіне тапсырылғанына да қынжылыс білдірген болатын. Туған балаларын немесе ата-аналарын тастап кету жағдайын қоғам ұятты көрініс деп бағалауы керек, деген еді Елбасы.
Президенттің осы сөздерін басшылыққа ала отырып, «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозғалысы «Сәби отбасында өсуі керек» деген бастама көтеріп отыр. Қозғалыс белсенділері Балалар үйінен сәбилер алып, оларды өсіргісі келетін отбасылардың ниеттерін қолдап, олардың әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз етілуіне жәрдем берейік, ол үшін Үкіметке арнайы ұсыныстар жасайық, дейді. Бұл жобаны іске асыру қиын да емес, сонымен бірге, оның күрделі екендігін де ұмытпайық. Отанымыздың жас мүшелерін лайықты тәрбиелеп, оларға қамқорлық жасау үшін барлық беделді қоғамдық ұйымдарды тартуымыз керек, дейді олар тағы да.
Қоғамдық тыңдауға Балалар үйлерінің директорлары, асырауға бала алған ата-аналар, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, халықаралық сарапшылар қатысты. Шығып сөйлегендердің бәрі де бастаманың орынды екенін қолдап, оны толықтыру үшін өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. Жиналыс қорытындысы бойынша бұл мәселені шешу үшін Үкіметтің алдына төмендегідей ұсыныстар жасалды:
- Дағдарысты отбасылар мен жетім балаларға көрсетілетін өкіметтің әлеуметтік көмегінің міндетті мемлекеттік стандарттары жасалсын;
- «Көмектесуші кәсіптер» (әлеуметтік педагогтар, психологтар, әлеуметтік жұмыстар жөніндегі мамандар) жүйесі бойынша мамандарды арнайы дайындықтан өткізетін жүйелер құрылсын;
- Балалардың интернаттық мекемелерін сәбилерді асырап алған отбасыларына кешенді көмектер бере алатын Қызмет орталығына ауыстыру кезең-кезеңмен атқарылсын.
Осы, соңғы ұсыныс бойынша қандай қызметтер атқаруға болатындығы да толығымен көрсетілген. Сонымен қатар, басқа да ұсыныстар жасалды. Әрине, Үкіметтің бұл ұсыныстарды тегіс қабылдап, іске асыруға ала қоюы екіталай. Өйткені, оның әрбірін іске асыру үлкен қаржылық шығыстарға келіп тірелетіні сөзсіз. Бірақ бағалы бастама көтерілгені сөзсіз.
Сонымен бірге, Республикалық ардагерлер ұйымы да ата-анасынан безіп, оларды Қарттар үйіне тапсырып жатқан балаларды және бауыр еті баласынан бас тартып, оны Сәбилер үйіне тапсырып жатқан «көкек аналарды» сынап, республика жұртшылығына арнайы үндеу жариялағалы отыр екен.
Қоғамдық тыңдауға жиналғандарға арналып Балалар үйлеріндегі сәбилер жайлы деректі фильм көрсетілді. Оны тебіренбей көру мүмкін емес. Көздері жәудіреген сәбилердің бәрі де «үйге барамын, мамам келеді» деген сөздер айтып жатты…
Шара аясында «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозғалысы белсенділері мен еріктілері дайындаған «Балалар үйі: сәби жанары» атты фотокөрме де ұйымдастырылыпты. Оны көрген жанның да көкірегі қарс айырылады.
Жақсыбай САМРАТ
Сілтеме: www.egemen.kz
20.10.2014 0 пікір