Жаңалықтар
Белгілі ақын Оңайгүл Тұржан «Зияткер ұрпақ» жобасына қатысты.
23 қазан күні ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты Оңайгүл Тұржан «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозғалысының «Зияткер ұрпақ» жобасы аясында Маңғыстау облысының Маңғыстау ауданы, Шетпе ауылының №2 орта мектебінің оқушыларымен кездесіп, ашық сабақ өткізді.
Ақын көпшілік қауымға «Самал», «Шерқала», «Теңіздер де шөлдейді», «Жырдала» жыр жинақтарының және «Махамбет өлеңдерінің поэтикасы» атты монографияларымен жақсы таныс.
Туған ауылынын түлеп ұшқан ақын қызын ауыл тұрғындары үлкен ілтипатпен құшақ жая қарсы алып, еме-жарқын амандасып жатты. Оңайгүл Ізтұрғанқызы алдымен өзі оқыған осындағы №2 орта мектепке келді. Мектеп ауласында ақынды оқушылар, ұстаздары гүл шоқтарымен қарсы алды.
Мектептің мәжілістер залына оқушылар мен бірге ата-аналары, ұстаздар қауымы жиналды. Кездесуде өрбіген әнгіме барысында Оңайгүл алдымен өзінің өмір жолы жайында әңгімелей отырып, шығармаларымен, жарық көрген кітаптарымен таныстырды. Көзінің тірісінде халқының сүйікті ақын қызы, Қазақстанның Халық жазушысы Фариза Оңғарсынова ұйымдастырып ашқан Республикалық «Тұмар» журналынын бас редакторы болып жақында ғана тағайындалғанын да жиналған қауымға хабарлады. Бұл журнал Фариза апамыздың біздерге тастап кеткен аманат бойтұмарындай қалың оқырмандарының жүректеріне жол тартатын, әдеби-көркем басылым. Оңайгүл Ізтұрғанқызы жерлестерін осы «Тұмар» журналына жазылуды және әсіресе жас талапкерлердің шығармаларын жүйелі шығарып тұруына тілектестік білдірді.
Кездесуде ақын тәуелсіз Қазақ елінің дамудың жаңа сатысына қадам басқанын, Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясында айтылған «Мәңгілік Ел» идеясына барлық жерде зор қолдау білідіріп жатқанын айтып, Маңғыстау жұртшылығы да еліміздің одан әрі гүлдене беруіне сындарлы үлестерін қосатынына сендірді.
Оқушылар ақын апасына өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып және лирикалық, романтикалық өлендерін оқып беруін сұрады. Ақын өзінің соңғы шығармаларынан өлеңдерін оқып, оны жастар шабыттана қолдап отырды.
Кездесу барысында, ақын Оңайгүл Тұржан «Тұмар» журналын және өзінің поэзия кітабына қолтаңбасын қойып жастарға таратып берді.
Кездесу соңында мектеп ұжымы, өзін оқытқан ұстаздары және оқушылар Оңайгүл Тұржанға ауыл мектебіне келіп, ойын бөлісіп, кездесу ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді.
Оқушылар ақын апасын ортаға алып естелік суретке түсті. Шығармашылық пен білім беруді қатар алып жүрген тұлғамен болған әңгіме жас жеткіншектердің сана-сезіміне әсер етіп, ішкі жан дүниесіне үңілуіне мүмкіндік берді. Өлең оқып, сыршыл поэзия әлеміне бойлап, шығармашылыққа бейім балаларға щабыт беріп, биіктерге ұмтылуына жол көрсетті. Кездесу соңында қатысқандар зор алғыстарын білдіріп, ақыннан қолтаңба алып қалуға тырысты. "Зияткер ұрпақ" жобасы аясында ұйымдастырылып отырған мұндай кездесулердің өскелең ұрпақтың адами құндылықтарды бойына сіңірген тұлға боп қалыптасуына зор ықпал ететіні сөзсіз.







24.10.2014 0 пікір