Жаңалықтар
"Зияткер ұрпақ" жобасы Атырау облысының Ракуша ауылында жалғасты
2014 жылдың 25 қазанында, республикалық "Зияткер ұрпақ" жобасы аясында, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бас орынбасары, "Болашақ" бағдарламасының, Лондондағы экономика мектебінің түлегі, полиглот Нұржан Ғанимұрат Атырау облысы Ракуша ауылындағы И.Тайманов атындағы орта мектептің оқушыларымен кездесіп, дәріс өткізді.
Кездесуді «Қазақстан 2050» Жалыпұлттық қозғалысының Атырау облысы бойынша үйлестірушісі Қайыр Темірлан таныстыру сөзімен бастады. Ол оқушыларға Қозғалыс туралы, оның мақсат-міндеттері жайлы баяндады, одан соң басты назарын қонаққа аударып, оқушыларға таныстырды.
Нұржан Ғанимұрат сөзін алыста қалған оқушы шағын еске алудан бастады. Мектептен 4 рет қатарынан қуылған кезін жүзіне күлкі үйіре еске түсірді. Нұржан ол кездері қандай қиындықтар болғаны жайлы және оларды қалай еңсергендігі жайлы қызық әңгімелер айтты. Сондай-ақ мектепте оқығанда тек ағылшын тілін бар ынтамен оқып, зор қызығушылық танытқанын, ал қалған пәндерге аса мән бермегендігін айтып өтті. Алайда мұның бәрі, тіпті, ҰБТ-да 44 балл алуы, алға қойған мақсатына қол жеткізуге деген ұмтылысына кедергі болған жоқ деді. Әрі қарай Нұржан сол биік мақсаттары, оған жету барысындағы кедергілер және бүгінгі таңда қол жеткізген жетістігі жайлы баяндады. Тіпті, сөз арасында әлемнің түкпір-түкпіріндегі 47 жоғарғы оқу орнына тапсырып, түсе алмағанын, бірақ бұдан «салы суға кетпегенін», ұмтылысы мен үміті үзілмегенін, кейін аздаған үзілістен соң соңғы 5 жоғарғы оқу орнында бағын сынап, оң жауап алып, сәтсіздігі артта қалғанын айтты. Осылайша, қайсарлығын, өзіне деген сенімділігін, еңбекқорлығын мысал өмір тәжірибесі арқылы алға тартқан Нұржан оқушыларды қандай жағдай болса да, еш мойымауға шақырды.
Осыдан кейін Нұржан студенттік өміріне де көз жүгіртіп өтті. Ол қалай кітапханада түнеп шыққанын, күніне төрт-ақ сағат ұйықтаған кездері болғанын айтты.
Сөзінің соңында еліміздің кадрлық ахуалына, нақтырақ айтсақ, техникалық мамандық иелерінің жетіспей жатқанына баса тоқталды. Сонымен қатар, 2025 жылға қарай гуманитарлық сала мамандарына қажеттілік азаятынын қоса айтып, сол арқылы мамандықты таңдағанда дұрыстап ойланып, іске жарайтындығына сенімді болу қажет.
Келесі сөз кезегі Қозғалыстың белсенді мүшесі Серікбол Қабдыкәрімұлы алып, «Қазақстан 2050» Жалпыұлттық қозғалысы жүзеге асырып жатқан жобалар жайлы түсінік берді. Еліміздің болашағы, үміт артып отырғаны – жастар екенін тағы естеріне салды.
Әңгімелесу соңында Нұржан оқушылардың барлық сұрақтарына жауап берді. Оқушылар одан қанша тіл білетіндігі жайлы, «Болашақ» бағдарламасы жайлы сұрақтар қойды. Нұржанның 6 тіл білетіні жеткіншектерді таң қалдырып, қана қоймай, қызығушылықтарын да арттырды.28.10.2014 0 пікір