"Сөйле, сурет!" көрмесі мен "Зияткер ұрпақ" жобасының сабақтастығы
Тебірентіп жүрген ойларды сыртқа шығарудың бірнеше тәсілдері бар. Солардың ішінде, әркімнің қолынан келе бермейтіні – ішкі ойыңды қылқалам арқылы жеткізу. Бүгінгі таңда осы істің шебері ретінде жұртшылықтың ықыласына бөленіп жүрген Аңсаған Мұстафаның Шымкент қаласында «Сөйле, сурет!» атты көрмесі өтіп жатыр. Өзінің әлеуметтік мәселелерді көтерген Аңсаған Құрманғазықызының қарапайым да күрделі графикалық суреттері көкейге түрлі ой салып жүр.
Аз уақыттың ішінде, көпшіліктің, әсіресе, жастардың арасында аса танымал болып үлгерген Аңсаған Мұстафа «Қазақстан 2050» Жалпыұлттық қозғалысының «Зияткер ұрпақ» жобасына қатысып, өскелең ұрпаққа өз тәлімгерлігін беруді қуана қолдады. Қозғалыстың Оңтүстік-Қазақстан облысындағы өкілі Жүнісов Дамирдің атсалысуымен Аңсаған Құрманғазықызының оқушылармен кездесуі көрменің бір бағыты болды. Оқушылар суретші мен оның туындыларын өз көзімен көріп, кеңінен танысуға мүмкіндік алды. Ал қылқалам шебері өз кезегінде жас жеткіншектермен ой бөлісіп, мамандықтардың ең биігі – өнерге баулыды. Сурет көрмесі мен «Зияткер ұрпақ» жобасының кіріктірілуі оқушыларға берері мол шеберлік сабағына айналды.