«Менің жолым - Нұрлы жол» республикалық патриоттар форумы өтті.
Сенбі, 13 желтоқсан күні, ҚР Тәуелсіздік күнін тойлау аясында «Астана» Ұлттық сурет галереясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Қазақстан 2050» Жалпыұлттық қозғалысының қолдауымен «Менің жолым - Нұрлы жол» республикалық патриоттар Форумын өткізді.
Жыл сайын өткізілетін Форум жұмысына мемлекеттік, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, жастар мен үкіметтік емес ұйым өкілдері, ҚР Парламентінің депутаттары, танымал мәдениет, өнер және спорт қайраткерлері, сондай-ақ, «Қазақстан 2050» Жалпыұлттық қозғалысының белсенділері қатысты.
Форум үш тақырыптық бөлімнен тұрды. Алғашқы бөлімінде қатысушыларды түрлі тарихи дәуірлердің өкілдерін сомдаған ұлттық киімдегі кейіпкерлер қарсы алды. Сонымен қатар, «Мемлекеттіліктің даңғыл жолы» (өткеніміз, бүгінгіміз, болашағымыз) атты көрме ұйымдастырылып, қонақтар қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу кезеңдері баяндалған инфографикалық баннерлер топтамасын тамашалады.
Форумның екінші – концерттік бөлімінде әртістердің, көлеңке театрының қойылымдары мен лазерлі-жарықтық шоу көмегімен басты тарихи кезеңдер сахнада көрініс тапты. Спикерлер патриотизм туралы ойларымен бөлісті. Форумда көрнекті спортшыларды, әртістерді, жаңашыл ғалымдарды, өз кәсібінің шыңына шыққан тұлғаларды, күштік құрылымдар өкілдерін, жетекші қоғамдық ұйымдар көшбасшыларын марапаттау, оларға құрмет көрсету дәстүрі жалғасып, жыл сайын берілетін «Жыл патриоты» құрмет белгісі табыс етілді. Қазақстандық жаңа патриотизмді қалыптастыруға үлес қосқан азаматтарды ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Омархан Өксікбаев, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Әбенов, ҚР мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің төрағасы Данияр Таумұрат және ҚР мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары Қуаныш Асылов марапаттады. Марапатқа ие болғандар қатары төмендегідей:
- Мектепбаева Дәмел Қайыргелдіқызы – Болашақ стипендиясының иегері, Жаһандық Үлес (Global Impact Competition), Startup Chile, Startup Mexico халықаралық байқауларының жеңімпазы, жобасы Кореяда өткен World Startup Competition байқауында үздік бестікке кірді;
- Баймаханов Болатбек Бимендіұлы – жоғары білікті дәрігер-хирург, мидағы қан тамырлардың түрлі патологиялары мен инсульт кезінде жедел ем қолдану тәсілдерін енгізді, 2012 жылдан жоғары деңгейде мамандандырылған дәрігерлік көмек 7 бағдар бойынша кеңейді;
- Нұрғожаев Руслан Дәулетұлы – аға полиция сержанты, ойыққа түсіп кеткен автобустың астынан шығуға тырмысып жатқан ер адамды құтқару үшін ыстық суға толы шұңқырға ойланбастан секіріп кеткен ержүрек;
- Рысқұлов Руслан Орақұлы – кезекті еңбек демалысында жүрсе де, 15 метрлік су бөгетінің бұзылуы салдарынан болған апаттан адамдарды құтқарып қалуға бел шеше кірісіп кеткен нағыз азамат;
- Әлімжанов Нұрлан Баянғалиұлы – танымал актер, әнші. Шығармашылық қоржынында көптеген үздік рольдері бар, түскен фильмдері - «Ағайындылар», «Балалық шағымның аспаны», «Елбасы жолы», «Тығырықтан жол тапқан»;
- Қыдырбаев Жасұлан Балғабайұлы – қазақстандық ауыр атлетші, 2014 жылғы ауыр атлетикадан әлем чемпионатында алтын медальға қол жеткізген. Қазақтан шыққан ауыр атлетикадан тұңғыш әлем чемпионы;
- Жұқабаев Тимур Жақсыбайұлы – 2009 жылы 29 шілдеде полигонда жауынгерлік гранаталарды лақтыру сабақтары кезінде қолынан гранатаны түсіріп алған сарбазды құтқарып, жауынгерлік гранатаны өз денесімен жапқан батыр.
Концерттік бағдарлама аяқталған соң, қатысушылар Ұлттық сурет галереясының арнайы тақырыптық экспозициясын тамашалауға мүмкіндік алды.