Жаңалықтар
«Қазақстан 2050» Жалпыұлттық қозғалысының белсенділері су тасқынынан зардап шеккен Нұра ауданына гуманитарлық көмек жөнелтті
«Қазақстан 2050» Жалпыұлттық қозғалысының белсенділері «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ қызметкерлерімен бірлесе Қарағанды облысындағы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмек жеткізді. Еріктілердің күшімен жылы киім, көрпе-жастық, жөргек, шұлық, ішкиім, аяқ киім, резеңке етік, құрғақ отын, бір рет қолданылатын ыдыстар, қол сүрткіштер, консервіленген ет, кепкен нан, крекер, қытырлақ нан, тұз, қант, ұн сияқты азық-түлік, балалар тағамы, жеке басының тазалығына арналған құралдар, тағы да басқа тұрмысқа қажет заттар жиналды. Гуманитарлық жүк бүгін Нұра ауданына жеткізілді. Бұл ауданда тасқыннан 96 үй, яғни 300-дей адам зардап шегіп отыр.
«Қарағанды облысындағы табиғи апат ел халқын жұмылдырып, азаматтық сана-сезімін оятты. Қазақстан жұртының Қарағанды облысы тұрғындарының басына түскен қиын-қыстауға бейжай қарамай, қайғыларына ортақтаса білгендері көңіл көншітеді. Гуманитарлық көмек жинау ниетімізге үн қосқан еріктілерге ризашылығымыз зор. Ал киім-кешектер алып келіп қана қоймай, бар жүкті көлікке тиеуге көмектескен Назарбаев университетінің студенттеріне ерекше алғыс білдіреміз. Осы ісіміз арқылы біздің күш – бірлікте екенін тағы бір мәрте дәлелдей алдық!» - деді, «Қазақстан 2050» Жалпыұлттық қозғалысының Кеңес Төрағасы Данат Жұмин.
21.04.2015 0 пікір